Алматы дәрігерлері тіл обырына шалдыққан адамға алғаш рет күрделі ота жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мамандардың айтуынша, мұндай диагноздың салдарынан көп адамдар сөйлеу, тамақ ішу қабілетінен айрылып қалады.
42 жастағы Алматы онкологиялық орталығына тіл түбірі ісігімен түскен. Оған дереу 4 химиотерапия курсы белгіленді. Алайда химиялық курстардан соң да науқастың жағдайы нашарлай берген.
Дәрігерлер ісікті алып тастауға бел буады. Бинокулярлы оптиканың көмегімен 7 сағатқа созылған ота барысында ұзындығы 20 см болатын қатерлі ісік терімен қоса алынды.
Одан бөлек қосарласа өсіп кеткендіктен мойынның магистральды тамырлары, бұлшықеттері алынып тасталды.
Одан кейін дәрігерлер анатомиялық ақауларды қалпына келтіру үшін пластикалық операция жасауға мәжбүр болды.
«Пациенттің көкірек тұсынан тері-бұлшықет кесіліп алынып мойнының үңірейіп қалған тұсына жамалды. Ота сәтті жасалды. Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Шығуға дайындалып жатыр», - деді онколог Саттар Аппазов.
Дәрігерлер жүйке талшықтарын ісіктен ажырата алды, соның арқасында науқас тамақты өздігінен жей алатын болды. Мұны отандық дәрігерлердің шеберлігі десек артық болмас.
Алматы қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізмағамбетовтың айтуынша, орталықта жылына 3 мың ота жасалады.