08 жел, 2021 сағат 09:03

Қазақстандық ауыр атлет Арли Чонтей әлем чемпионы болды


Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Арли Чонтей ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа және серпе көтеруден берілген алты мүмкіндікті де сәтті пайдаланды. 

Спортшы жұлқа көтеруде 118 келіні бағындырса, серпе көтеруде 142 келіні еңсеріп, барлық қарсыластарын басып озды. Қоссайыс қорытындысы бойынша Арли 260 келіні көтерді. 

Күміс медальді Таиланд, қоланы Болгария спортшысы еншіледі. 

Айта кетелік, әлем біріншілігі 17 желтоқсанға дейін жалғасады.