13 қыр, 2021 сағат 14:31

Қазақстандық әскерилер «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуына қатысады


Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер – Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен «Бейбіт миссия – 2021» командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл оқу-жаттығу Ресей Федерациясының Орынбор облысында өтеді. 

Оған Қазақстан Қарулы Күштерінен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары қатысады. 

Оқу-жаттығу аясында ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен операцияға дайындалу және оны өткізу мәселелерін пысықтайды. 

Бұл «Бейбіт миссия» 2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізу туралы келісім аясында 2 жылда бір рет өткізіледі.