15 шіл, 2022 сағат 12:55

Қазақстандық Альфа-Банктен санкциялар алып тасталды


АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы Альфа-Банктің Қазақстандағы еншілес ұйымына қарсы санкцияларды алып тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Хабарлама 14 шілдеде АҚШ Қаржы министрлігі сайтында жарияланды.

Бұған дейін "Альфа-Банк Қазақстан" АҚШ санкциясына ұшыраған болатын, соған байланысты банктің жекелеген қызметтеріне, қолма-қол ақшаны алу мен аударуға шектеулер енгізілген еді.

7 сәуірде банк хабарлама жариялап, доллар мен еуродағы аударымдарды тоқтату, Visa және MasterCard карталарын өз желісінен тыс қолдануды тоқтату, қолма-қол ақша алу мен аударуға тәулігіне екі миллион теңге мөлшерінде шектеулер енгізілгені, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға несие беруді тоқтата тұру туралы хабарлады.

Еске салайық, мамырда "Банк ЦентрКредит" Ресейге қарсы санкцияларға ұшыраған Альфа-Банк Қазақстанды сатып алу келісімін жасады.