Талдықорғанда жасалатын «Kainar», «Bars», «Nomad» және «Вожак» деген атаулармен белгілі отандық аккумуляторлар ТМД елдеріне, Германияға, Польшаға, Қытайға және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарылады.
Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпорын жұмыс істей бастағалы толықтай технологиялық циклды жолға қойды. Яғни, қазір ешқандай құрастырушы бұйымдарға мұқтаж емес. Ұсақ бөлшектерді құюдан бастап дайын аккумуляторларды бітеуге дейінгі барлық қажетті бұйымдар мен жұмыстар кәсіпорын цехында жасалады.
2020 жылдың қараша айында «Қайнар–АКБ» зауытында аккумулятор батареялары өндірісінің жаңа желісін іске қосу салтанатты шарасы болып өтті. Аталған жоба «Қайнар–АКБ» мен Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығы (IGTIC) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылды. Жаңа желіні іске қосудың арқасында зауыттың өндірістік қуаты жылына 3,7 млн аккумулятор шығаруға дейін артады.
Қазіргі уақытта зауытта жылына 2,5 млн. данаға дейін аккумулятор батареясы өндіріледі.