
Қазақстан Биатлоншылар одағының шешімімен Австрияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында спорттық режім мен тәртіпті бұзғаны үшін қазақстандық төрт спортшы Ұлттық құрама сапынан шеттетілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, Қазақстан Биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатовтың жетекшілігімен Одақтың тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиыны өткен. Аталған жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысты.
«Комиссия Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан төрт спортшыны шеттетті. Олар биатлоннан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстырылмайды. Атап айтар болсақ, Антон Пантов - төрт жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға спорттан шеттетілді. Спортшылардың барлығы жаттығу жиынынан қайтарылған. Шешімді қабылдауға биатлоннан ұлттық құрама бас бапкері Мақсат Шарановтың рапорты және спортшылар мен бапкерлердің түсініктемесі себеп болды. Сондай-ақ, Обертиллах қаласындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде команда мүшелері тұрақтаған австриялық қонақүйдің арыз-шағымы да назардан тыс қалған жоқ», - деді ҚР ҰО комитетінен.
Шеттетілгендердің қатарында павлодарлық Антон Пантов пен Тимур Куц бар. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында спортшылардың оқу-жаттығу кезінде тұрақтаған қонақүйде алкогольдік ішімдік ішіп, жиһаздарды сындырып, тәртіп бұзғандары жазылды.

Антон Пантов pavlodarnews.kz тілшісіне берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын айтып берген.
«Біз жатқан бөлме лас болды. Ол қонақүйде бөлмелерді тазалап тұрмайтынын біз білген жоқпыз. Түнгі уақытта менің құсқым келді. Өйткені тау климаты маған ауыр тиді. Таңертең өзіміз жинастырайық деп құралдар сұратқан едік, жинастырушы кіріп, бізді отырыс ұйымдастырған деп кінәләп, шағымданды. Бөлмеде алкоголь болған жоқ. Ол туралы ақпарат біреудің түсініктемесінен шықты. Жиһаздың сынғаны туралы шағымнан өзіміз алғаш естідік. Комиссияның отырысына бізді бір-бірлеп шақырды. Онша тыңдағылары да келмеді. Мені жалған сөйлеп тұрсың деді», - деді Антон Пантов.

Антон Пантов неліктен ол ғана 4 жылға шеттетілгеніне де тоқталды.
«2 жыл бұрын мен алкоголь пайдаланған оқиға болған. Ол кезде ескерту жасалды. Соны негізге алып, мені 4 жылға шеттетіп отыр. Қазіргі уақытта үйімдемін. Комиссияның ресми қағазын күтудеміз. Қолымызға тиген кезде әрі қарай не істейтінімізді жоспарлаймыз. Қазір орнымызға жастар өнер көрсетіп жүр. Оларға сенім артамын», - деді биатлоншы.
Еске салайық, Антон Пантов бұған дейін допинг дауына ілігіп,2018 жылдың 21 қарашасында тағылған айып, 2019 жылдың 24 маусымында алынған болатын. А. Пантов ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиаданың қатысушысы. 2008 жылдан бері халықаралық додаларды бақ сынап келеді. Жастар арасындағы әлем чемпионатына 5 рет қатысқан. Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Бірнеше жылдан бері халықаралық деңгейде жарыс жолына шығып жүрген Тимур Куц биылғы маусымда Әлем кубогінде және екінші деңгейлі IBU (халықаралық биатлоншылар одағы) кубогінде сынға түсіп жүрген. Ол Австриядағы IBU кубогінің 3-кезеңінде жекелей жарыста ең жақсы нәтижесін көрсетіп, 30-орынға тұрақтаған.
