07 қар, 2022 сағат 18:35

Қазақстандық 14 боксшы жартылай финалға шықты


Амманда өтіп жатқан бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына шыққан боксшылардың есімі белгілі болды. Жексенбі күнгі бәсекелердің қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасының 14 боксшысы сол межеден көрінді. Сондай-ақ дүйсенбі күні тағы жеті былғары қолғап шеберіміз ширек финал кездесулерін өткізді.

Алтыншы жарыс күнінің күндізгі сессиясында Қазақстан боксшыларынан бірінші болып 54 кило салмақ дәре­жесіндегі отандасымыз Махмұд Сабырхан шаршы алаңға көтерілді. Был­тырғы әлем чемпионатындағы табысты өнерінен кейін жанкүйерлердің көз­айымына айналған Махмұд Сары құрлық біріншілігіндегі алғашқы ай­қа­­­сын моңғолиялық Дорьныамбуу Ган­болд­пен өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бір жекпе-жек арқылы жартылай финалға шыққан ол кем дегенде құрлық бә­секесінің қола жүлдесін иеленеді. Де­генмен алтыннан үмітті боксшымыз финалға шығу үшін 10 қарашада өзбекстандық Шахзод Музафаровпен кездеседі.

Сабырханның ізін ала рингке 57 кило салмақтағы Серік Теміржанов шығып, ол да жартылай финалға жолдама алды. Жергілікті боксшы Юсеф Иашашпен қолғап түйістірген отандасымыз төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті. Енді жартылай финалда ол үндістандық боксшымен кездеседі.

Сондай-ақ 60 килодағы Саматәлі Төлтаев та Азия біріншілігіндегі алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, қырғызстандық Мирзохид Имамназаровтан төрешілердің аралас шешімімен айласын асырды. Жастар арасындағы Азия чемпионы Саматәлі финал жолдамасын жергілікті боксшымен сарапқа салады.

Кешкі сессияда бақ сынаған жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай ширек финалда қырғызстандық Мирлан Туркбайұлын тізе бүктірді. 1/8 финалда өзбек боксшысын жарыс жолынан ығыстырған Санжарға қырғыз боксшысы да қарсылық көрсете алған жоқ. Отан­дасымыз енді жартылай финалда үндіс­тандық былғары қолғап шеберімен жұ­ды­рықтасады.

Ерлер арасында соңғы болып шаршы алаңға ел чемпионы Дулат Бекбауов (67 кило) шықты. Алғашқы айқасын сәтті өткізген отандасымыз ширек финалда тағы бір қырғызстандық Жакшылык Талайбековтен айласын асырды. Дулат финалға шығу үшін бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы өзбекстандық Асадходжа Муйдинходжаевпен жекпе-жек өткізеді.

Жексенбі күнгі жарыс күнінде бақ сынаған қыздарымыздан тек Алуа Балқыбекова (48 кило) ғана жартылай финалға жолдама алды. Былтырғы Азия чемпионатында топ жарған отандасымыз ширек финалда Таиланд өкілі Тхипсатчей Йодвариді төрешілердің бірауыз шеші­мі­мен қапы қалдырды.

Өкінішке қарай, былтырғы боксшылар додасында алтыннан алқа таққан 60 килодағы Римма Волосенко ширек финалда моңғолиялық қарсыласын екі рет нокдаунға түсірсе де, төрешілер моңғол қызы Номин-Эрдене Тугсжаргалдың қолын көтерді. Сөйтіп, Волосенко был­тыр­ғы Азия чемпионы атағын сақтай алмады.

Оның алдындағы күні 51 келіде сынға түскен түркістандық Сәкен Бибосынов  екінші кездесуінде малайзиялық Каюм Ариффинді тізе бүктірген еді.

Осылайша, ширек финал жекпе-жектерінен кейін 14 боксшымыз жартылай финалға жолдама жеңіп алды. Атап айтқанда, Санжар Тәшкенбай (48 кило), Сәкен Бибосынов (51 кило), Махмұд Сабырхан (54 кило), Серік Теміржанов (57 кило), Саматәлі Төлтаев (60 кило), Дулат Бекбауов (67 кило), Алуа Балқыбекова (48 кило), Жазира Орақбаева (52 кило), Жайна Шекербекова (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило), Мәдина Нұршаева (66 кило), Дариға Шәкімова (70 кило), Гүлсая Ержан (81 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+78 кило) жартылай финалда айқасатын болды.

Сондай-ақ кеше Асланбек Шым­бер­ге­нов (71 кило) үндістандық Сачин­мен, Нұрқанат Райыс (75 кило) қырғызстандық Сагын Сатыбалдыұлымен, Нұрбек Оралбай (80 кило) таиландтық Вирапон Чонджохомен, Сағындық Тоғамбай (86 кило) тәжікстандық Навруз Джафоевпен, Айбек Оралбай (92 кило) үндістандық Навин Кумармен, Қамшыбек Қоңқабаев кореялық До Хен Киммен және Назым Қызайбай (50 кило) моңғолиялық Балсан Мунгунсаранмен күш сынасты.