Отандық 100 компания AliBaba электронды сауда алаңында алтын аккаунтқа ие болды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты дамыту департаментінің директоры Өмірбек Баштай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылы Сауда министрлігі құрылғаннан кейін елімізде «QazTrade» институты құрылды. Аталған институ экспортты ілгерілету жөніндегі ұлттық оператор ретінде таңдалды. Ол сараптамалық блоктан бастап, экспорттық акселерация, халықаралық көрме мен іс-шараларды ұйымдастырудан электрондық сауда алаңдарына шығаруға дейінгі қаржылық емес қолдау шараларын көрсетеді. Яғни, осы міндеттің барлығы «QazTrade» институтына жүктелген», - деді Өмірбек Баштай.
Сондай-ақ, маман отандық электрондық коммерция аясында сөз қозғады. Оның айтуынша, қазақстандық экспорттаушыларды AliBaba сауда электрондық алаңына шығару құралы бар.
«Мемлекет бюджет қаражаты есебінен қазақстандық кәсіпорындар үшін алтын аккаунт сатып алады, оның бағасы өткен жылы шамамен 3 мың доллар тұрды. Аккаунт қайтарымсыз негізде беріледі. Басты талап кәсіпорынның экспорттық келісімшарты болуы міндетті. Өз кезегімізде экспорттық келісімшарты бар отандық кәсіпорындарға алтын аккаунт ұсынамыз. Оның артықшылығы неде? Сатып алушы AliBaba электронды алаңынан тауар іздеген кезде алтын аккаунты бар кәсіпорындардың өнімі бірінші болып шығады. Ал жай аккаунты бар кәсіпорындардың өнімі тауар тізімдерінің соңында қалуы мүмкін. Осы орайда экспорттаушының алтын аккаунты болуы маңызды әрі тиімді. Аталған жоба елімізде өткен жылы алғаш рет қолға алынды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 100 отандық компания AliBaba сауда алаңында алтын аккаунтқа ие болды. Биыл тағы 60 компанияға көбеймек. Жалпы AliBaba электронды сауда алаңында 4 мыңннан астам қазақстандық тауар түрі сатуға қойылған», - дейді ол.