Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саяси партияларға бөлінетін қаржының сомасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Сенат отырысынан кейінгі брифингте журналистер саяси партияларға бөлінетін бюджет қаржысы туралы сұрады.
"AMANAT партиясына жыл сайын бір миллиард доллар бөлінеді деген ақпарат бар. Рас па?", - деді тілшілер.
Министр ол ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ бюджеттен Мәжілісте отырған партияларға ақша бөлінетінін растады.
"Бізде партияларды қаржыландыру туралы толық ақпарат бар. Оған AMANAT қана емес, Мәжілісте отырған басқа партиялар да кіреді. Нақты есеп-қисап бар, заңмен бекітілген. Осы есеп-қисапқа сәйкес, жаңағы партияларға қаржы бөлінеді. Жалпы, барлық партияға жыл сайын 8 миллиард теңге, жаңылмасам, солай", - деп атап көрсетті министр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл шығындардың бәрі республикалық бюджетте көрсетілген.
Айта кетейік, қазіргі кезде Парламенттің төменгі палатасы - Мәжілісте үш партия бар. Олар - AMANAT, Қазақстан халқы партиясы және «Ақ жол» ҚДП.