12 шіл, 2021 сағат 16:28

Қазақстандағы тұрғын үй бағасының қымбаттау себебі айтылды


Елімізе тұрғын үй бағасының өсуін тежеуге қатысты бірқатар кешенді шаралар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында, біздің министрлік құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының өсуін тежеуге қатысты бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Атап айтқанда, елімізде құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп сала бойынша баға өсіміне болжам жасау, өндірушілер мен құрылысты салушылардың арасында тікелей ұзақмерзімді келісімшарт жасау шаралары қолға алынды», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар, вице-министр елімізде қандай құрылыс материалдары бағасының өскенін және оның себебін атап өтті. 

«Шара қабылдамас бұрын соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік бағасына болжам жасалды, яғни осы уақыт ішінде баға қаншалықты өсті немесе өзгерді деген мақсатта. Құрылыс материалдарының ішінде әсіресе цемент, арматура, кірпіш, газды бетон бағасы кенеттен өскені байқалды. Салдарынан тұрғын үйдің бағасы да өскен, ал кейде керісінше төмендегені байқалады. Құрылыс материалдары бағасының өсуі биылда байқалады. Және баға тек Қазақстанда ғана емес әлем бойынша өсіп отыр. Оған себеп девальвациямен қатар пандемияның салдарынан логистика бойынша шығынды шектеу», - дейді ол.