Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін емес, түркі ұлттары үшін де өте маңызды мейрам. Жыл басы, жаңа жылдың басталуы. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан елімізде Наурыз мейрамы ерекше аталып өтіледі. Әсіресе түрлі этностар арасындағы мейрамның түрліше жаңарып, жаңғырып тойлануы ерекше. Осы орайда «Ұлт» порталы бірнеше ұлт өкілдерімен тілдесіп, Наурыз мейрамын қалай тойлайтыны туралы әңгімеге тартып көрді.
Украин ұлтының мейрамды қарсы алуы
Укариндықтар Наурызды табиғаттың жаңаруын бейнелейтін мейрам деп бағалайды. Күн мен түннің теңелуі жер бетін мекендеген барлық халық үшін маңызды болса, Наурыз қазақстандықтар үшін ортақ мейрам. Бұл туралы Украин мәдени орталығының мүшесі Ирина Жилик әңгімелеп берді.
-Қазақстан көпұлтты мемлекет екенін баршаңыз білесіздер. Біз қазақ халқының кең құшағы мен мол мейрімін көрген этностармыз. Бұл жақсылықты ата-бабамыздан бастап, келешек ұрпағымызға дейін ұмытпайтынымыз сөзсіз. Мен Қазақстанда туылдым, ес білгелі Наурыз мейрамын тойлаймыз. Бұл бірлік пен достықтың символы іспеттес. Наурыз мейрамынан қонақжайлылықты, мол дастарханды, өзгеге қуаныш сыйлауды ұғынамыз. Ал бұл қасиеттер қазақтың қанында бұрыннан бар екені сөзсіз. Достық үйінде барлық мерекелерді бірге тойлау дәстүрге айналған. Наурызды да осылай қарсы алып, жыл сайын ұмытылмас әсер алып келеміз. Бірақ қазіргі пандемия кезінде карантин шектеулерін қатаң сақтауымыз қажет. Әр отбасы өз шаңырағында отырып, туған-туыс, жора-жолдастарын телефон арқылы құттықтағаны абзал, - деді Ирина.
Ирина наурыз көжені өте жақсы көреді және әжесінен үйренген наурыз көжені жыл сайын жеті дәм қосып жасауды да дәстүрге айналдырған. Бұл туралы өзі былай дейді:
-Менің әжем Қазақстанға келген кезде қазақтың екі ауыз үйін бөлісіп, қара бидайын тең жегенін үнемі айтып отыратын. Сол қазақ азаматтармен һмір бойы көрші болыпты. Солардан нан жабуды, мақта теруді, наурыз кже дайындап, бауырсақ пісіруді үйренген. Біз кейде қазақтың етін де асып жеп, қымызын да құмарлана ішеміз. Ал Наурызда әдеттегідей міндетті түрде наурыз көже дайындаймыз.мен әжемнен үйренген көжені жасай аламын. Жеті түрлі дәм, дәнді-дақылдар қосамын. Сүрленген ет, қазыны арнайы көжеге сақтаймын. Қолдан кеспе кесіп, қосыманы. Өте дәмді болып шығады. Үй-ішімізбен, көрші-қолаңымызбен бас қосып, тілек айтып, Наурыз көжеден дәм татамыз, - дейді укарин қызы Ирина.
Орыс ұлтының Наурызды тойлауы
Ал көпұлтты Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің басым бөлігін орыс ұлты құрайтыны белгілі. Дегенмен бұл халық та Наурыз мейрамын атаусыз қалдырмайды. Мәселен, Татьяна Тарасова ұлыстың ұлы күніне орай өткізілетін концерттердің бірін қалдырмайды. Орайы келсе, өзі де ән айтып, би билегенді жақсы көреді. Ол тек соңғы екі жылда пандемияға байланысты Наурыздың өз деңгейінде тойланбай жүргенінен қынжылатынын жеткізді.
-Біз ұлтымыз әртүрлі болғанымен, бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырған халықтармыз. Наурыз – Қазақстан атты шаңырақтың астына жиылған барлық этностардың ортақ мейрамы. Бұл күнді біз де ерекше қадірлейміз және асыға күтеміз. Ыстық бауырсақ пен Наурыз көженің дәмін жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Көктем мейрамы болғандықтан, бәріміз жаңа әрі жақсы өмір басталатындай асыға күтетініміз рас, - дейді Татьяна.
Татьяна Тарасова Қазақстанда туылып, қазақ ауылында өскен бойжеткен. Сондықтан да қазақ халқының салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын жақсы біледі. Өйткені кішкентайынан қазақ балаларымен бірге ойнап, келін түсіру, бесік тойларды көріп, көкпарда достары үшін тақып қысып үйренген.
-Осы жерде туып-өскендіктен қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтейміз. Басқа жаққа қоныс аудару жайлы ой мүлде келген емес. Себебі осы қасиетті топыраққа шын бауыр бастық. Концерттерде қазақша әндерді де орындаймыз. Менің қазақ достарым өте көп. Және біз ұлтқа бөлінбей тату-тәттіміз, - дейді ол.
Қазақстандық беларусьтардың Наурыз тойлауы
Елімізде Қазақстан халықтары Ассамблеясы жұмыс істейтіні белгілі. Бұл ұйым осы елді мекендеп отырған түрлі халықтардың бірлігі үшін жұмыс істейді. Оның құрамында Беларусь этномәдени бірлестігі де бар. бұл бірлестік жыл сайын Наурыз мейрамын ерекше атап өтеді. Қазақтың халық әндерімен қатар ұлттық әндерін, билерін билеп, екі ұқлттың ұлттық тағамдарын әзірлеп, мол дастархан басында бас қосады. Бұл туралы бізге Беларусь этномәдени бірлестігінің мүшесі Галина августина әңгімелеп берді.
-Мен Қазақстанға 1960 жылы көшіп келгенмін. Содан бері қазақ халқының бар жақсылығын көріп келемін. Бұдан кейін басқа жаққа қоныс аудару, басқа елді көру сияқты ой да болған емес. Өйткені қазақтың жері кең, құшағы ашық, дастарханы мол. Халықтарды бөліп-жармайды. Осы қазақ ішінде отырып ұлттық әндері мен ұлттық тағамдарын үйреніп алғанмын. Өзіме қатты ұнайды. Наурыз көжеден бөлек, ет асып, бауырсақ пісіре аламын. Оның дәмі тіл үйреді ғой, - дейді Галина.
Оның айтуынша, қазақтың тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлері, бала тәрбиелеу үлгісі керемет. Жастары үлкенді сыйлап, көмектесуге әркез дайын тұратынын жақсы біледі.
Наурыз мейрамы қарсаңында еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің пікірі осындай болды. Көктеммен жарыса келіп, жер-жүзінің жаңаруына себеп болатын Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!