02 мау, 2021 сағат 16:12

Қазақстандағы ең табысты ақылы жол қандай?


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдардың қайсынан қанша табыс келіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біздегі 4 ақылы жолдың жалпы ұзындығы – 680 шақырым. Нұр-Сұлтан – Шучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас жолдарынан түсетін жалпы табыс - 5,7 млрд теңге болды. Ең табысты жол – ең қысқасы болса да, Алматы-Қапшағай учаскесі. Бұл бөліктен 1,6 млрд теңгедей табыс келеді. Оның бір бөлігін «ҚазАвтоЖол» басқа ақылы учаскелерге бағыттады. Өйткені Теміртау мен Щучинскке астанадан қатынайтын жолдар өте күрделі. Қыста жиі қар алады. Щучинск жолының табысы да 1,6 млрд теңге болады. Теміртау мен Қорғау учакесінің кірісі шамамен 1,1 млрд теңгеден», - деді ол халық алдындағы есептік кездесуінен кейін өткен брифингте. 

Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдың табыстылығы қозғалыстың жиілігіне және өтетін көліктердің типіне байланысты екенін ескертті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның ақылы жолдарында неге Еуропадағыдай сервис жоқ екенін түсіндірді. 

«Біздегі ақылы жолдар мен Еуропаны салыстырып жатады. Еуропадағы тығыздықты қараңыздар. Жолдардың кірісі өте жоғары. Өйткені көлік ағыны өте тығыз. Ал бізде 500 шақырымдық жолдың бойында бірнеше шағын елді мекен ғана орналасқан. Сервис мәселесі де осыған байланысты. Бізде жолдарды күтіп ұстау өте қиын. Қыста қар алғанда техника ондаған шақырым жерден баратын кездер болады. Климатымыз да, тығыздығымыз да әртүрлі. Жолдарымыз өте ұзын, ал халықтың саны аз. Көлік саны бойынша да көптеген елдермен теңдесе алмаймыз. Бұл көрсеткіш жолдың табыстылығына өте қатты әсер етеді. Халқы мен көлік саны тығыз елдерде жолдың шығыны тез ақталады. Ондағы баға да мүлде басқаша», - деді министр.