01 шіл, 2020 сағат 10:10

Қазақстандағы дәріханалар табысын қалай жасырады?

Мемлекеттік кірістер комитеті көшпелі тексерусіз фармацевтика қызметіне талдау жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дәрі-дәрмек сатуға ҚҚС салынбайтындықтан, дәрілік заттар айналымы өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін тауардың тарихын қадағалауға мүмкіндік беретін тауарларды бақылау жүйесіне кірмейді. Сондықтан талдау белгілі бір кезеңде дәріхана қандай пайда алғанын қадағалауға болатын онлайн - БКМ көрсеткіштеріне құрылған.

Жаздың алғашқы 2 аптасында ғана қазақстандық дәріханалар 10 миллиард теңгеден астам табыс тапты. Алайда барлық кәсіпкер нақты айналымды көрсетпеді.

«Республика бойынша дәріхана қызмет түрін көрсететін барлығы 3 527 кәсіпкер 7 674 онлайн-БКМ тіркеген. Онлайн-БКМ енгізу салық есебін күтпестен, айналым сомасын ғана емес, өткізілген тауар, жұмыс немесе қызмет үшін есеп айырысу кезінде оны қолданбайтын кәсіпкерлерге де мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өту қажет. Мысалы, 868 дәріхана иелері онлайн-БКМ қолданбайтыны аңықталды, бұл ретте олар өз қызметін тоқтатқан жоқ. 239 дәріхана белгілі бір күндері чек шығарады, кей күндері онлайн-БКМ пайдаланылмайды, яғни түсім - нөл. Күндізгі түсімі 5000 теңгеден кем болатын 99 дәріхана бар. Күн сайын бір түсімді көрсететін дәріханалар бар, мысалы, дәл 700 немесе 1000 теңге. Нәтижесінде, 3 527 дәріхананың ішінен адал және заңға мойынсұнатын 60% немесе 2137 дәріхана нақты айналымын көрсетті» деп мәлім етті комитет. 

Осыған байланысты мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тауар, жұмыс немесе қызметтерді сатып алу кезінде чек талап ете отырып, азаматтық белсенділік танытуға шақырады.

13 мамырда комитет жыл сайынғы «Чек талап ет — жүлде ұтып ал» акциясын бастады. Жіберілген чек үшін акцияға қатысушылар ұялы телефон теңгеріміне ақшалай қаражатты бірден алу мүмкіндігіне ие, ал чекті бермеген жағдайда акцияға қатысушылар тиісті шағымды ұялы қосымша арқылы жібере алады. Шағымды растаған жағдайда кепілді ақшалай қаражатты ұялы телефон теңгеріміне ала алады.

Сонымен қатар, дәрілік заттар үшін ҚҚС-сыз ЭШФ енгізу мәселесі туындайды. Бұл айналымды да, баға белгілеуді де қадағалауға мүмкіндік береді. 

Бұл мәселені мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен пысықтайтын болды.