07 ақп, 2020 сағат 14:29

Қазақстандағы әрбір екінші адам ақпаратты интернеттен алады - Асхат Еркімбай

Қазақстанда әрбір екінші азамат ақпаратты интернеттен алады. Бұл туралы бүгін елордада өткен қазақтілді онлайн-контент жасаушылардың форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Internews Kazakhstan» «Орталық Азия елінде - Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда адамдар ақпаратты қалай тұтынады? Ақпарат көзін қайдан алады?» деген сұраққа жауап іздеді. Сауалнама қорытындысы бойынша, тұтастай алған кезде үш елде де ақпарат алу көзі ретінде алдыңғы орында теледидар тұр. Екінші орында – интернет. Қазақстанда сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам жаңалықты интернеттен қарайтынын айтқан. Үшінші орында әлеуметтік желі, туған-туыс, дос-жаран тұр. Радио Тәжікстанда ғана оқ бойы алда тұр», - дейді аймақтық медиа-кеңесші Асхат Еркімбай.

Сондай-ақ, ол Орталық Азия халқы интернеттегі уақытын қалай өткізетінін айтты.

«Орталық Азиядағы тұрғындар интернетті ең алдымен, көңіл көтеру, жаңалық оқу, одан кейін фильм қарау мақсатында қолданады. Азияның өзге елдерімен салыстырғанда Қазақстанда интернет арқылы төлем жасау, банк қызметін пайдалану, электронды тауар сатып алу жүйесі жолға қойылған. Яғни, біздің аудитория электронды дүниені сатуға, сатып алуға дайын және оған машықтанған. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылар онлайн-контент сатып алуға 2-3 мың теңгесін қиятыны туралы жауап берген. Сонымен қатар, әлеуметтік-демографиялық сауалнама қорытындысы бойынша, қазақ тілінде контентті тұтынатын адамдар саны артып бара жатқаны байқалады», - дейді ол.