Елдегі 127 көтерме және бөлшек сауда базарында бағаны бақылауға арналған тексерулер жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жөнінде Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
«Инфляцияға қарсы шаралар қабылдадық. Оның бірі бағаны тұрақты ұстап тұруға бағытталған. Мұның аясында 67 шара көзделген. Жүйелі шаралар өнімдердің тапшылығын болдырмауды, сапалы болуы және баға бойынша қолжетімді болуын қамтиды. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасы қатар жұмыс істеп жатыр. Ол бағдарлама қажетті өнімдермен орта мерзімде қамтамасыз етуге бағытталған. Азық-түлік өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етіп, 6 импорттық тауардың бағасын түсіру және импортқа тәуелділікті барынша азайту жоспарланып отыр», - деген министр «Егістен сөреге дейін» атты жоба да мәселеге арналғанын еске салды.
Айтуынша, азық-түлік бағасын 15 пайыздық межеден өсірмей ұстап тұру үшін, тіпті аудан орталықтарында да тексеру басталып кеткен.
«Өңірлерде арнайы шұғыл шаралар жүріп жатыр. Көтерме базарларды тексеруге берілген мораторийдің алынып тасталуына байланысты 127 көтерме және бөлшек базарда арнайы тексерулер жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек бағаны ел арасындағы дүрлігуді пайдалана отырып көтеру мәселесі бар. Бұл мәселені мониторинг топтардың көмегімен шешіп жатырмыз. Бүгінде алдына ала аралап, заңмен бекітілген 15 пайыздық межеден артық бағаны көтеруге болмайтыны туралы ескерту жасалды. Соның аясында облыс орталықтарындағы аула дүкендерінің 85 пайызын қамтыдық. Өткен аптадан бері мұндай тексерулер аудан орталықтарында да басталды. Мұның бәрінің өз нәтижесі болады деп ойлаймын.
Оның үстіне айналым қаражатын арттыру үшін қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Тұрақтандыру қорларымен де жұыс істеп жатырмыз. Осындай кешенді шаралардың арқасында жылдық есепте баға өсімін 10 пайыз көлемінде ұстап тұру мүмкін болып отыр», - деді Бақыт Сұлтанов.