11 там, 2022 сағат 14:35

Қазақстанда жылқы еті 17%-ға қымбаттады


2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда тірідей салмақта 125 мың тонна жылқы сойылды немесе союға сатылды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,2% артық.

Сойыс салмағы бойынша 64,6 мың тонна жылқы сойылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Жылқының басым бөлігі үш өңірде сойылды. Түркістан облысында тірідей салмақта – 14,5 мың тонна және сойыс салмағында – 7,5 мың тонна, Абай облысында сәйкесінше – 13,5 мың және 7,1 мың тонна, Ақтөбе облысында тірідей салмақта – 10,6 мың тонна және сойыс салмағында 5,5 мың тонна.

Осы жылдың алты айында жылқы басы өткен жылмен салыстырғанда 10,6%-ға өскен. 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде жалпы 4,1 миллион жылқы болды.

Сондай-ақ қырылған жылқы саны жылына 5,2%-ға өсіп, 2,7 мың басқа дейін жетті. Көбіне Ақмола, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мал арам өлген.

Шілде айында жылқы етінің орташа бөлшек саудадағы бағасы бір килограмм үшін 2 900 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5% жоғары.

"Солтүстік Қазақстан облысында баға қатты қымбаттаған: бір жылда 28,8%-ға өскен. Жылқы еті қымбаттаған өңірлердің үштігіне сондай-ақ Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы да енді. Ең аз жылдық баға өсімі Қызылорда облысында 4,5% деңгейінде тіркелді", - деп жазды Energyprom.

Бір килограмм жылқы етінің ең жоғары бағасы (3,3 мың теңге) елордада тіркелсе, Қызылорда тұрғындары ең арзан (2,3 мың теңге) жылқы етін тұтынып отыр.