29 шіл, 2020 сағат 19:26

Қазақстанда жыл басынан бері 39 браконьерлік фактісі анықталды - Экология министрлігі

Қазақстанда жыл басынан бері 39 браконьерлік фактісі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, браконьерлерден 1571 ақбөкен мүйізі мен 513 жануардың тұтас еті алынды. Өткен жылмен салыстырғанда, мұндай оқиғалар саны айтарлықтай өскен (25 браконьерлік фактісі, 530 мүйіз бен 650 тұтас ет алынды). 

«Бұл мемлекеттік органдардың қылмыстық топтардың жолын кесудегі жұмыс үйлесімділігі мен өзара іс-қимыл жеделдігінің нәтижесі деуге болады»,-делінген хабарламада. 

Сондай-ақ баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жалпы алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 3 748 оқиғасын анықтады. Үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа, 12 браконьер қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл ретте жалпы айыппұл сомасы 44 млн теңге, залал сомасы 1,6 млрд. теңгені құрады. 

«Өткен жылғы осы кезеңді салыстыру үшін алсақ, 4 197 оқиға анықталып, әкімшілік жауапқа 3 335 адам, қылмыстық жауапқа 19 адам тартылған. Ол кездегі жалпы айыппұл сомасы 45,6 млн теңге, залал сомасы 870 616,2 мың теңгені құрады»,-делінген министрлік таратқан ақпаратта.