19 қаз, 2021 сағат 17:08

Қазақстанда жыл басынан бері 22 мың алтын құйма сатылған


2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 822,9 кг өлшенген 22 837 құйма сатылды. Қыркүйек айында өткен 2 578 құйманың жалпы салмағы – 108,3 кг, деп хабарлайды Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Халық үшін тазартылған алтын құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан кейін – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама іске қосылғаннан бері жалпы салмағы 2,4 т. 65 416 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалардың бес түрі сатылады: 5,10,20,50 жәнк 100 г салмақтағы құймалар. Ал сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие құйма – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылым көлеміндегі үлесі 29% немесе 18 672 дана.

Одан кейін халық көп сұрайтын құйма түрі – салмағы 100 грамдық құйма. Бағдарлама басталғаннан бері 15 001 дана (23%) сатылды, кейін 20 граммдық құймадан – 12 750 дана (19%), 5 граммдық құймадан – 10 933 дана (17%), 50 граммдық құймадан – 8 000 (12%) дана сатылды. Көбінесе, алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларының тұрғындары арасында сұранысқа ие.

Жалпы, алтын құймалар инвестицияның сенімді құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы жоғары сатылымды қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі – екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ұйымдар тұтынушыға ақшаны тапсырған күні төлеп, алтын құйманы кері сатып ала алады.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары жалпы салмағы 21,9 кг өлшенген 229 құйманы кері сатып алуға қабылдады. Солай бола тұра, екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 236,9 кг өлшенген 9 484 құйманы кері сатып алған, бұл жалпы құймалардың 14%-ын құрайды. Қабылданған құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің аумақтың филиалдарына қайтарылмастан халыққа сатылады.

Әрбір алтын құйма оны қорғап тұратын элементтермен (құймалардың беті қапталып, микротекси жазылады және рельефт жиегі салынады) және арнайы қорапқа салынып жасалады, қорап құйманы механикалық тұрғыда қорғайды, әрі қорап ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорап, сондай-ақ, сапа сертификатына да жауап береді. Сондықтан, құйманы дұрыс сақтап, қорабын бүлдірмеген жөн.

Қазіргі таңда алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, БанкЦентрКредит және банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға және кері сатуға болады.