Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда екі миллиондай жұмыссыз бар екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер Тоғжановтан Үкімет жасырын жұмыссыздықтың ауқымын қалай бағалайтынын сұрады.
"Екі миллион шығар. Сарапшылар басқа, депутаттар басқа цифрды айтады. Саны көп, әрине", - деп жауап берді вице-премьер.
Бірақ, оның айтуынша, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көбі жақсы ақша табады. Мысалы, өнер, ІТ салаларында.
"Яндекстегі" жұмысшылар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ешқайсысы тіркеуден өтпейді. Біздің міндетіміз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ізіне түсу емес, біз тек оларды, тым болмаса нөлдік ставкамен тіркеуден өтуге көндіргіміз келеді", - деді Тоғжанов.
Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында көпбалалы ата-аналар да бар екенін атап өтті.
"Олардың арасында тіркемей-ақ қойыңдаршы деп өтінгендер де бар. Табысы жоғары болса да, өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып қалғысы келеді. Мен ІТ немесе қаржы саласында айына 600-800 мың теңге табатын адамдарды білемін. Олар еш жерде тіркелмеген. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ ол оңай емес. Адамдар тіркеуден өту қажеттігін өздері түсінуі керек", - деді вице-премьер.