Фото:elements.envato.com
Қазақстанда жастарға арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасын 2025 жылға дейін кеңейту жоспарлануда. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы бойынша тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламасы аясында жас отбасыларға квотаның 25 пайызын енгізу қарастырылған. 2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлесіп, "Отбасы банк" жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы үш өңірде - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте іске асырылып жатыр. Жыл аяғына дейін осындай бағдарламаларды басқа өңірлерде де жүзеге асыру жоспарлануда", - деді Тоғжанов.
Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап жұмыс істейтін жастарға 7000 жалдамалы тұрғын үй берілген, жұмыс істейтін жастарға 2025 жылға дейін 12 мың пәтер беру жоспарда бар.
"Жыл аяғына дейін жалдамалы тұрғын үй беру ережесіне жастар үшін ай сайынғы табысты растауға қойылатын талаптарды 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету бойынша өзгеріс енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін тұрғын үй алу мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Қазір "Отбасы банкінің" жинақ тұрғын үй депозиттерінде 25 жасқа дейінгі жастардың жалпы сомасы 250 миллиард теңгеден асатын 500 мыңнан аса депозиті ашылған", - деп толықтырды вице-премьер.