13 қыр, 2022 сағат 18:17

Қазақстанда жанар-жағармай материалдарын жеткізуде делдалдарға бақылау күшейтілді


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің ішкі нарығын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнай өнімдерін өндіру және жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов республикадағы дизель отыны нарығындағы жағдай туралы ақпаратты ұсынды.

Оның айтуынша, ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында мұнай өңдеу көлемі және жанар-жағармай өндірісі ұлғайтылған болатын – мұнай өнімдерін өндірудің 2022 жылға арналған болжамы 13,72 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылға қарағанда 1,04 млн тоннадан астам жоғары. 

«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша дизель отынын өндіру 3,53 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға артық немесе 7,7% болып отыр», — деді министр.

Мұнай базалары мен АЖҚС-та дизель отынының болуы бойынша қабылданған шаралар:

- мұнай базаларындағы дизель отыны қорын 151 мың тоннадан немесе жолдағыны ескере отырып, 220 мыңнан мұнай базаларында 163,8 мыңға дейін немесе жолдағыны ескере отырып, 235 мыңға дейін ұлғайту;

- дизель отыны жоқ АЖҚС үлесін 633-тен 485-ке дейін немесе жалпы ел бойынша 20%-дан 15%-ға дейін төмендету. 

Министрлік әкімдіктердің өтінімдері бойынша жеке АЖҚС-тер саны көп проблемалық өңірлер бойынша ақпарат жинап, ҚМГ-мен бірлесіп дизель отыны көлемдерін бөлу мәселесін пысықтап жатыр.

Әрі қарай энергетика министрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеткізу бойынша жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде 106,6 мың тонна, тамызда 152,85 мың тонна отын тиеп-жөнелтілді.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелту жоспарланып отыр», — деді Ақшолақов. 

Қабылданған шаралар:

· Қазақстан Республикасының аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданды.

· АЖҚС-та сараланған бағаларды енгізу бойынша бұйрық қабылданды, сондай-ақ дизель отынының шектелген көлемін беруге бақылауды іске асыру мақсатында осы бұйрыққа толықтырулар енгізіліп жатыр;

· вагон цистерналарын беру саны артты;

· «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазмұнайгаз» Үкіметтің тапсырмасы аясында қыркүйек-қазан айларында 100 мың тонна дизель отынын импорттауға келісімшартқа қол қойды, бүгінде 10 мың тонна дизель отыны импортталды;

· жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі АЖҚС желілерінде «колл-орталықтар» құрылды;

· облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері мұнай базаларындағы жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын мониторингтеу және жанар-жағармай материалдары көлемдерін шалғайдағы елді мекендерде орналасқан АЖҚС-қа бөлу жөнінде шешімдер қабылдау үшін жедел штабтар құрды.

Министрдің айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша мынадай іс-шаралар орындалды:

1) отынды әкетуге жол бермеу – бұрын ҚТЖ МӨЗ-ден басқаларына әкетуге тыйым салу жөнінде ішкі бұйрық қабылдады, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу және жартылай тіркемесіз/тіркемесіз жүк автомобильдерінің кіруіне тыйым салуды енгізу жөнінде қосымша шаралар қабылдау тапсырылды;

2) шағын АЖҚС-ты дизель отынымен қамтамасыз ету – ҚМГ мен Петросан есебінен дизель отыны көлемдерін директивалық бөлу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен АЖҚС-қа басым негізде бөлу, сондай-ақ жеке алушы-берушілер дизель отынын АЖҚС-қа тікелей жеткізуді растады; бұдан басқа, Энергетика министрлігі шағын АЖҚС үшін әкімдіктердің өтінімдері бойынша қажетті көлемдерді пысықтауда;

3) жеткізу маршруттарын оңтайландыру – ҚМГ мен Петросан дизель отынын тиеп-жөнелтуді жоспарлаған кезде географиялық орналасуы және нақты МӨЗ-де ресурстардың болуы ескеріледі; дизель отынын жақын өңірлерге тиеп-жөнелтудің басымдығы көзделеді;

4) өнімсіз делдалдарды алып тастау – ҚМГ мен МӨЗ-дер АЖҚС-пен тікелей шарттар расталған кезде ғана дизель отынын тиеп-жөнелту жөніндегі жеке алушылармен мәселені пысықтайды, өзге жағдайда тиеп-жөнелту тоқтатыла тұруы мүмкін. Жеке алушылардың бір бөлігі дизель отынын тікелей АЖҚС-қа жеткізуді растады.

Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел шараларды қабылдау үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды.

Сонымен қатар одан әрі жағдайды тұрақтандыру мақсатында:

· облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері Энергетика министрлігіне, оның ішінде: жергілікті АЖҚС, коммуналдық кәсіпорындар мен автобус парктері дизель отынының талап етілетін көлеміне өтінімдер бойынша ақпарат беруді жеделдетуі керек;

· Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Энергетика министрлігі тәуліктік босату лимиттерін бақылаудың цифрлық жүйесін енгізуді жеделдетуі тиіс;

· ҚМГ Қазақстанға 100 мың тонна импорттық дизель отынын жеткізуді жеделдетуі керек, сондай-ақ АМӨЗ жөндеуге тоқтаған кезде қосымша көлем импортын қарастырылуы тиіс;

· ҚТЖ вагон-цистерналардың уақытылы берілуін және тиелген көлемдердің басымдықпен жеткізілуін үйлестіру мен бақылауды жалғастыру қажет;

· Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚР МӨЗ-дерінде және мұнай базаларында дизель отынына көтерме сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеуді енгізуі тиіс;

· Энергетика министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және ҚМГ автобензиндер өндіруді, қорлардың орнын толтыруды және өткізуді бақылауды қамтамасыз етуі керек;

· жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мұнай өнімдерінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылуын шектеуді және айналымыын бақылауды күшейтуі тиіс.

Энергетика министрлігі Арнайы комиссия аясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың басшылығымен осы жұмысты үйлестіруді жалғастырады.

Қазақстан Республикасының 2022 жылға битумға деген сұранысы:

1) Батыс өңірлері – өндіру жылына 500 мың тонна болған кезде, ең төменгі қажеттілік – 191 мың тонна;

2) Солтүстік-Шығыс өңірлері – 308 мың тонна қажеттілік жылына 300 мың тонна өндіріспен жабылады;

3) Өңтүстік өңірлері – өндіру жылына 374 мың тонна болған кезде, ең жоғары қажеттілік – 602 мың тонна.

Қазақстан Республикасының битумға деген жалпы сұранысы – 1,1 млн тонна.

Министрдің айтуынша, жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша тиеу есебінен елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкін болады:

CaspiBitum – Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін;

Qazaq Bitum – Ресей гудронының импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін.

«Жол-құрылыс компаниялары қысқы-көктемгі кезеңде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірыңғай сатып алушысы арқылы қосымша битум көлемін сатып алуды жоспарлауы тиіс. Жол-құрылыс жұмыстарының бағалары битум бағасының конъюнктурасына сай болуы тиіс», — деді энергетика министрі Болат Ақшолақов.