05 шіл, 2022 сағат 13:05

Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама ұсынылды


"Бәйтерек" холдингі екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша халық үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын іске қосуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы ұлттық басқарушы холдинг басшысы Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегінің өсу және "7-20-25" бағдарламасының аяқталуына байланысты келесі жылы 500 миллиард теңге немесе 35 мың пәтер мөлшерінде ипотекаға сұраныс қанағаттандырылмайды деген болжам бар.

Қанағаттандырылмаған сұранысты жабу үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша халық үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады.

"Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен келіссөз қорытындысы бойынша мынадай негізгі шарттар ұсынылды:

  • алғашқы жарна - 20 пайыздан бастап;
  • несиелеу мерзімі - 20 жыл;
  • қарыз сомасы - 35 миллион теңгеге дейін;
  • төлем қабілетін растау міндетті.

Субсидиялауға Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын ипотекалық несиенің 7 пайыздық мөлшерлемесі қолданылады", - деп қосты "Бәйтерек" басшысы.

Ол екінші деңгейлі банктер Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен бастапқы тұрғын үй салушылар мен салынып жатқан тұрғын үйлерге өз қаражаты есебінен несие бере алатынын түсіндірді.

"Механизмді іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер талап етілмейді. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінде қаралып жатыр. Бюджет бекітілгеннен кейін "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" бұл бағдарламаны дереу іске қосуға дайын", - деп түйіндеді ол.