Krisha.kz сарапшылары Қазақстанда кейінгі аптада жалға берілетін тұрғын үй бағасы қаншаға көтерілгенін есептеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Портал мәліметінше, жалға беру ұсыныстарының бағасы, негізінен, Ресеймен шекаралас аймақтарда өскен. Өсім 15-тен 34 пайызға дейін. Баға өсімі негізінен, демалыс күндері байқалғаны және жалға алу сұранысының артуына байланысты екені атап өтілді.
"Ең көп сұранысқа ие қалалар: Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар. Ондағы хабарландыруларды қарау саны әдеттегі тұрақты деңгейге қарағанда 2-3 есе өсті", - дейді мамандар.
Ақтөбе мен Оралда бір аптада (19-25 қыркүйек) өткен аптамен (12-18 қыркүйек) салыстырғанда жалға беру орташа есеппен 34 пайызға, Қостанайда - 25 пайызға, Павлодарда - 19 пайызға, Семейде және Петропавл 15 пайызға жуық қымбаттаған.
"Мегаполистер мен орталық қалаларда әзірге жаппай өсім жоқ. Астанада ұсыныс бағасы - 5,6 пайызға, Алматыда 5,1 пайызға өсті. Бағасы нарықтан едәуір жоғары бөлек нұсқалар да бар. Оларды "Ұқсас пәтерлердегі баға" блогы бойынша анықтауға болады", - деді сарапшылар.
Сонымен қатар, Алматыда 24 қыркүйекте хабарландыруларды қарау саны тамыздың аяғындағыдай болған.
"Кейбір қалаларда баға мен сұраныстың өзгеруі мүлдем байқалмайды. Бұл Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Түркістан, Талдықорған, Жезқазған және басқалары. Ондағы бағалар өзгерген жоқ немесе өте аз мөлшерде өскен, 1-3 пайызға.
Атырауда бағалар 40 пайызға өсті, бірақ мұнда алыпсатарлық факторы басым болуы мүмкін. Бұл қалада сұраныстың күрт өсуі туралы мәлімет жоқ", - дейді басылым.
Елімізде жалдау ақысы ең қымбат қала Алматы екені атап өтілді. Бұл қалада орташа есеппен шаршы метр 5 435 теңгеге жалға беріледі. Осылайша, бір бөлмелі пәтерді жалға алу айына шамамен 200 мың теңге тұрады.