19 сәу, 2021 сағат 09:22

Жалақысы ең төмен өңірлер белгілі болды

2020 жылдың төртінші тоқсанында орта есеппен жан басына шаққандағы номиналды табыс оңтүстік өңірлерде 100 мың теңгеге де жетпеген, деп хабарлайды Ranking.kz.

Былтыр төртінші тоқсанда орта есеппен жан басына шаққандағы номиналды табыс 125,4 мың теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ке көп.

Нақты мәнде, тауар мен қызмет бағаларын ескерсек, халықтың номиналды ақшалай табысы 5,2%-ке өсті.

Төртінші тоқсанда Қазақстан өңірлері арасында орта есеппен жан басына шаққандағы номиналды табыс Түркістан облысында 65,9 мың теңгеден Атырау облысында 230,2 мың теңгеге дейін құбылды.

Десе де Атырау облысында халықтың кірісі нақты мәнде 2%-ке төмендеген, ал Түркістан облысында, керісінше, 7,4%-ке артты.

Тұтастай алғанда, Қазақстан бойынша жан басына шаққандағы ең төменгі номиналды ақшалай табыс оңтүстік өңірлерде тіркеліп отыр. Ол жақта бұл көрсеткіш 100 мың теңгеден аспайды.

Мәселен Түркістан облысында 65,9 мың теңге болса, одан кейін Шымкент (79,1 мың теңге), Жамбыл облысы (86,5 мың теңге), Алматы облысы (90,7 мың теңге) және Қызылорда облысы (91,2 мың теңге), деп жазады Ranking.kz.

Ал жан басына шаққандағы ең жоғары номиналды табыс Атырау облысынан басқа, Нұр-Сұлтан (192,9 мың теңге) мен Алматы (185 мың теңге) қалаларында тіркелді.

Шымкентте орта есеппен жан басына шаққандағы табыс нақты мәнде 3,3%-ке, Батыс Қазақстан облысында 5,1%-ке азайды.

Биыл ақпан айында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы номиналды табысы 122,4 мың теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың ақпанымен салыстырғанда 11%-ке, ал 2021 жылдың қаңтарына қарағанда небәрі 0,1%-ке көп.