23 қар, 2021 сағат 12:15

Қазақстанда жалақы Ресейге қарағанда айтарлықтай қарқынды өсіп жатыр


Қазақстанда жалақы Ресейге қарағанда айтарлықтай қарқынды өсіп жатыр, ал несиелік жүктеме төмен деңгейде қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарапшылар мәліметінше, Қазақстанда 2021 жылдың үшінші тоқсанында атаулы орташа айлық жалақы 19,3 пайызға өсіп, 243,7 мың теңге болды. Ресейде шілде-тамызда орташа жалақы 53,8 мың рубль (шамамен 310 мың теңге) болды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,7 пайызға артық. Қазақстанда жалақының нақты өсімі сатып алу қабілеттілігін есепке алғанда 9,8 пайыз, бұл бірінші жартыжылдық деректері бойынша сатып алу қабілеті 3,4 пайызға өскен Ресейдегі номинал көрсеткіштен жоғары.

Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстанда жалақының және сәйкесінше сатып алу қабілетінің өсуі ресейлік көрсеткіштерден тұрақты асып түсті, бұл да халықтың қарыз жүктемесі деңгейіне әсер етеді.

Биыл үшінші тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда халыққа берілген несие көлемі 9,6 триллион теңгеге жетті, оның ішінде несиенің 30,2 пайызы ипотека, 58,1 пайызы тұтыну несиесі болды. Бір қарыз алушы бойынша несие сомасы 1,09 миллион теңге болды. Мұндай несиенің орташа айлық жалақыға қатынасы - 4,47.

Көршілес Ресейде 2021 жылдың дәл осындай үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша халыққа берілген несие 23,5 триллион рубль және бір қарыз алушыға орта есеппен 325,5 мың рубль (яғни, 1,9 миллион теңгеден асады) болды. Орташа жалақыға қатысты орташа несие көрсеткіші қазірдің өзінде - 6,05.