28 сәу, 2022 сағат 09:50

Қазақстанда жақын арада жаңа қолжетімді ипотека пайда болады

© elements.envato.com

Қазақстанда жақын арада жаңа қолжетімді ипотека пайда болуы мүмкін. Оның операторы "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" болады , - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта несиелеу механизмі мен шарттары пысықталып жатқаны, содан кейін жоба бекітуге жіберілетіні айтылады. Бірақ мемлекет бағдарламаны субсидиялауға ниетті екені белгілі.

"Қазіргі нарықтағы жағдайда ипотека 18-19 пайызға беріледі. Біз баға белгілеу талдауын жүргіздік. Орта тапқа қолайлы мөлшерлеме 11-12 пайыз екенін көріп отырмыз. "7-20-25" өз мақсатына жеткеннен кейін, бұл ипотекалық кредиттеу нарығын, атап айтқанда, коммерциялық тұрғын үй және нарықтық ипотека бөлігінде қолдау бойынша қисынды жалғасы болады", - деп мәлімдеді "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы" АҚ төрағасының орынбасары Олжас Салықов.

Компания мамандарының айтуынша, бағдарламаға кем дегенде сегіз банк қызығушылық танытып отыр. Олар жаңа тетікті зерделеуге, содан кейін кредит беруді бастауға дайын. Сондай-ақ, алдағы төрт жылда нарықты қолдау үшін билік бір триллионнан астам теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

Қолжетімді ипотека операторы болашақ қарыз алушының портретін де анықтапты. Бұл отбасына жалпы табысы жарты миллионға жуық теңгеге жететін және ай сайын 200 мыңнан төлеу мүмкіндігі бар орта тап өкілі екен. Бастапқы жарна бар болғаны - 20 пайыз.

Айта кетейік, пәтерді тек жаңа үйлер нарығынан немесе салынып жатқан үйден сатып алуға болады. Бұл ретте қарыздың ең жоғары сомасы әлі белгісіз.