15 қар, 2021 сағат 11:21

Қазақстанда зейнетақы реформасын жасаған Дәулет Сембаев бақилық болды


Белгілі қазақстандық қаржыгер, металлург және саясаткер Дәулет Сембаев 87 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ақпаратты ҚР Ұлттық банкі растады. 

Дәулет Хамитұлы Сембаевтың бүгін түнде қайтыс болғаны хабарланды.

Сембаев - Егемен Қазақстанның алғашқы банкнотында қолтаңбасы бар тұлға. Қазақстандағы 1998 жылғы зейнетақы реформасын жасаушылардың бірі ретінде танымал.

Ол 1935 жылдың 10 тамызында Алматы қаласында, мұғалім, кейін Қазақ КСР Халық Комиссары, оқу министрі болған Әбдіхамит Сембаевтың отбасында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген.

Тоқсаныншы жылдары Дәулет Сембаев Ұлттық банк төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, Сенат депутаты қызметтерін атқарды. 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап Халықаралық бизнес академиясының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

Ол - Қазақстан Президентінің алғашқы экономикалық бағдарламасының қос авторларының бірі. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұлттық валютаны енгізуге қатысқан. Елдегі қазіргі банк жүйесін қалыптастырудың басы-қасында болған жан.

Ораз Жандосов, Григорий Марченко және басқа да еліміздің көрнекті қаржыгерлері өздерін сол кісінің шәкірті санайды.

Дәулет Хамитұлы «Құрмет белгісі» (1976), Еңбек Қызыл Ту (1981), «Парасат» (1996) ордендерімен және КСРО-ның екі медалімен марапатталған.