08 ақп, 2020 сағат 20:26

Қазақстанда тұңғыш рет ММА-дан Азия чемпионаты өтеді

Қазақстанның ММА және Аралас жекпе-жегінің бірлескен федерацияларының ұйымдастыруымен елордада IMMAF аралас жекпе-жек өнерінің халықаралық федерациясының директорлар кеңесінің отырысы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз мәслихатында конфедерацияның міндеті, ММА жекпе-жегін Орталық Азия мен Әзербайжан елдерінде дамыту мәселелері, сонымен қатар ММА бойынша Азия чемпионатын өткізу жоспары талқыланды. Осылайша, ММА-дан елордада Азия чемпионатын 2020 жылдың маусым айында өткізу жоспарланып отыр.

IMMAF президенті Керит Браун Қазақстанның ММА федерациясы халықаралық турнирлерді ұйымдастыруға белсенді атсалысып жүргенін атап өтіп, IMMAF өкілдері елордада зор құрметпен күтіп алғаны үшін алғысын білдірді.

Ал қазақстандық спортшылардың мүмкіндіктерін IMMAF-тың Азия аймағы бойынша директор Висам Аби Надер ерекше атап өтті.

«Қазақ атлеттері, олардың тәртібі мен физикалық дайындығы әрдайым құрметке лайық. Мұндағы спортшылар шынында да, IMMAF-тың өзге өкілдері үшін шынайы үлгі бола алады», - деді ол.

Отырыстың қортындысында ММА Орталық Азия конфедерациясын ашу құру туралы және Қазақстан Республикасында 2020 жылы ММА-дан Азия чемпионатын өткізу жайлы шешім қабылданды.