Қазақстанда 4 шетелдік инвестор құны 1,1 млрд доллар болатын жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жайында «КАZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Мейіржан Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда KAZAKH INVEST инвестициялық жобалар пулына жалпы құны 72,5 млрд АҚШ доллар болатын, 60 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруды көздейтін 471 жоба кіреді. Оның ішінде 115 жоба іске асырылды және инвестициядан кейінгі мониторинг сатысында тұр. Ал 132 жоба іске асыру сатысына шығарылса, 55 жоба пысықталып жатыр. Бұдан басқа 169 жаңа инвестициялық ұсыныс әзірленді», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, іске асырылып жатқан жобалардың ішінде өндеу саласындағы бірқатар маңызды жоба бар.
Оның қатарында түріктің Yildirim холдингі Жамбыл облысында іске асырып жатқан құны 325 млн АҚШ долларын құрайтын кальцийленген сода шығару зауытын, Ақмола облысында испанның TSK компаниясы сомасы 110 млн АҚШ доллары болатын ет өндеу кәсіпорнын атауға болады.
«Сондай-ақ Алматы облысында араб инвесторлары құны 82 млн АҚШ долларды құрайтын жеміс өндеу зауыты мен қойма салмақ. Ал Технониколь және Эко-Культура компанияларының ресейлік инвесторлары оқшаулағыш материал шығаратын зауытты және елімізде теңдесі жоқ жалпы аумағы 500 гектар жылыжай кешенін салуды бастағалы отыр. Бұл жобалардың жалпы сомасы - 1,1 млрд АҚШ доллары», - деді Мейіржан Жүсіпов.