Қазақстанда төрт донор өңір бар, қалған он үш өңір субвенциялық болып саналады. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенатта «Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздіктерді азайту мақсатында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру» тақырыбы талқыланып жатыр.
«Мемлекет басшысы бюджетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын сақтауға, сондай-ақ тұтастай алғанда өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту қажеттігіне назар аударды және біз сіздермен осы тақырыпты Парламент аясында жиі талқылаймыз. Жалпы алғанда, бюджетаралық қатынастар жүйесі өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге және елдің Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген мемлекеттік қызметтер көрсету үшін тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
2008 жылдан бастап бюджетаралық қатынастар тұрақты сипатқа ие және бюджеттік алымдар мен субвенциялардың көлемі жыл сайынғы өзгерістерсіз үш жылға заңмен бекітіледі», - деді Ә. Қуантыров
Оның айтуынша, үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алымдарды бекіту өңірлер үшін ынталандырушы сипатқа ие және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін әкімдерге қосымша кірістерді өз бетінше қолдануға мүмкіндік береді.
«Жалпы, Бюджет кодексіне сәйкес жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі жергілікті бюджеттің кірістері мен шығындарының көлемінің болжамы арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады. Бізде төрт донор өңір бар. Бұл Атырау мен Маңғыстау облыстары және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Қалған он үш өңір субвенциялық болып саналады. 2022 жылға арналған алымдардың жалпы сомасы 491 млрд теңгені құрайды, бюджеттік субвенция көлемі 2 трлн теңгеден астам. Жүйенің мәні – мемлекеттің қайта бөлу функциясын орындау, бюджеттік сепаратизмді болдырмау», - деді министр.