Мониторинг топтары Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмектің 200 түрінің сатылып жатқанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мониторинг топтарына дәрі-дәрмектің шекті бағасы мен оның заңсыз сатылуын қадағалау міндеті жүктелген болатын. Аймақтардан келіп түскен мәліметке сәйкес, мониторингпен 1400-ден астам дәріхана ұйымы қамтылған. Жалпы мұндай ұйымдардың саны Қазақстанда – 8 мың», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, өңірлерде елге қажетті дәрі-дәрмектің (кейбір жерде 2-3 есе) қымбат бағамен сату жағдайы әлі де тіркеліп жатыр.
«Сонымен қатар тіркелмеген дәрі-дәрмектің 200 түрінің сатылып (құны 110 млн теңгелік) жатқаны анықталды. Осы жағдайлар бойынша ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты өңірлік департаменттерде 65 әкімшілік материал бар. Қазіргі таңда жалпы сомасы 972 мың теңге болатын 12 әкімшілік айыппұл салынды», - деді ол.
Тимур Сұлтанғазиевтың сөзінше, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес Қазақстанда дәрі-дәрмектің 6 478 түрі шекті бағамен сатылады.
«Дәрі-дәрмектің қымбатқа сатылып жатқанын көрген азаматтар біздің комитеттің аумақтық департаменттеріне хабар бере алады. Байланыс құралдары комитеттің сайтында бар», - деді ол.