Үкіметте су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Штаб жұмысы аясында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады.
“Залалдың алдын ала мөлшерін жергілікті атқарушы органдар, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру үкімет резервінен қарастырылады”, - делінген хабарламада.
Іс-әрекет алгоритмі:
- материалдық зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
- жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалайды.
Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
Бұған дейін Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны салдарынан келтірілген залалды анықтайтын арнайы комиссия жұмысын бастағанын хабарлаған едік.
"Комиссия өкілдері су тасқынынан қанша адамның зардап шеккенін, қанша үй мен нысанға зақым келгенін, барлық шығын көлемін есептеп, шешім шығарады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жасауға жергілікті әкімдіктер жауапты", - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар "Қазақстан халқына" қоры еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге 5 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат үй салуға жұмсалады.