13 мам, 2022 сағат 19:32

Қазақстанда стелс-омикрон штамы анықталды


Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы штамдарының айналымына мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Осы жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясы штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық өңірлерде BA.1 «Омикрон» штамы 98,6 %-да анықталды, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «Стелс-Омикрон» штамы 36,7%-да анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап.

Сондай-ақ, B. 1.617-like Delta штамы айналымда жүр және зерттелетін сынамалар санының 1,4%-ын құрайды.

ПТР скрининг нәтижелерін растау үшін толық геномдық секвенирлеу жүргізіледі, ол ағымдағы айдың соңына қарай аяқталады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, министрлік коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияны, ревакцинацияны уақтылы жүргізуді ұсынады.

«6 ай бұрын және одан да көп уақыт бұрын вакцинация курсын алған адамдар ревакцинациялауға жататынын естеріңізге саламыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау үшін халыққа вакциналардың 3 түрі (Пфайзер, Синофарм және КазВак) қолжетімді, олардың 2-уін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған», - делінген хабарламада.