Қарағанды фармацевтикалық комбинатында ресейлік "Спутник V" вакцинасын шығару жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайдыSputnik Қазақстан.
Бас санитардың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда 4 миллион дозадан астам вакцина бар. Атап айтқанда, қытайлық Sinopharm вакинасының 1,8 миллион дозасы, Pfizer - 1,5 миллион, сондай-ақ QazVac-тың 800 мың екпесі сақтаулы тұр.
"Бұның бәрі вакциналау мен ревакцинацияға толығымен жетеді. Сол себепті қосымша вакцина сатып алудың қажеті жоқ. Біз екпелерді салу шараларын үнемі бақылап отырамыз. "Спутник V"-ді сатып алу жоспарда жоқ. Қазіргі кезде Қарағанды фармацевтикалық комбинаты бұрынғыдай дәрі-дәрмектерді шығарып жатыр. Вакцинаға дейін осы жұмыспен айналысқан. Қазіргі кезде ол жерде вакцина шығарылмайды", - деді Есмағамбетова журналистерге берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі вакциналар қазан айына дейін жетеді. Бұдан кейін шетелдік вакциналар тегін екпе үшін сатып алынбайды. Оны тек кәмелет жасқа толмаған балалар үшін жеткізіп отырады. Ал ересек адамдар отандық QazVac-ты тегін ектіре алады. Шетелдік вакцинаны ақыға салдыруға мүмкіндік болады.
Айта кетері, 2020 жылы желтоқсан айында Қарағанды фармацевтикалық комбинаты ресейлік "Спутник V" вакцинасын шығаруды бастаған. Ал биыл қаңтар айында ревакцинация үшін "Спутник Лайттың" 150 мың дозасы жеткізілді.