05 қар, 2021 сағат 18:04

Қазақстанда сот жүйесін қаржыландыру тәртібі өзгереді


ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі Айдос Сәдуақасов сот жүйесін қаржыландырудағы өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, бүкіл әлемде сот жүйесі Парламентке, Үкіметке және басқа да органдарға тәуелді емес. Ал біз сот жүйесінің бюджетіне қатысты қаржыландыру, материалдық-техникалық мәселелер бойынша әлі күнге дейін Үкіметке, Қаржы министрлігіне жыл сайын өтінім беріп, белгілі бір лимит деңгейінде жұмыс істеп келеміз. Бұл әрине дұрыс емес. Өйткені бұл «Судьяның тәуелсіздігі» деп аталатын конституциялық принципке қайшы келеді», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Спикердің айтуынша, бұл мәселе Судьялардың 8-съезінде көтерілген және оны Қ. Тоқаев қолдап, Үкіметке тапсырма беріліп, тиісті заң жобасы Парламентке енгізілген. 

«Нәтижесінде келесі жылдан бастап, сот жүйесінің бюджеті абсолютті цифр тұрғысында емес, барлық меморгандарға бөлінетін шығыс қаражатының 6,5 пайызы көлемінде автоматты түрде бөлінетін болды. Бұл шараның нәтижесінде сот жүйесі жергілікті әкімдіктерден, Үкіметтен, Парламенттен тәуелсіз болып, сот жүйесінің беделі мен өз мүмкіндіктері артатын болады», - деді А. Сәдуақасов.