27 нау, 2021 сағат 11:00

Қазақстанда шина өндіру туралы инвестициялық келісімге қол қойылды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қостанай облысына жұмыс сапары шеңберінде бірқатар инвестициялық келісімдерге, оның ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «KamaTyresKZ» ЖШС арасында қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шина зауытын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға негіздемелік келісімге, инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 119 млрд.теңгені құрайды.

Инвестициялық келісімдердің бұл пакеті Татарстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы кезекті қадам болды.

Қол қойылған құжаттар зауыт құрылысы барысындағы инвестициялық преференциялар бойынша тараптардың негізгі уағдаластықтарын, «KamaTyresKZ» ЖШС инвестициялық міндеттемелерін, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесіне заттай грант беру шарттарын реттейді.

Бірлескен кәсіпорынды құру Қазақстанда қуаттылығы жылына 3 млн жеңіл және жеңіл жүк тиейтін шиналар, сондай-ақ ЦМК-ның 0,5 млн жүк шиналарын шығаратын жаңа зауыт салуды көздейді. Өндіріс 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде, ал зауытты толық жобалық қуатына 2024 жылы шығару жоспарлануда.

Жоба аясында 1 116 жұмыс орны ашылады. Автомобиль шиналары Ресейге, Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне автомобильдердің бастапқы жинақтамасына жіберілетін болады.

«Татнефть» ЖАҚ - құрамында мұнай-газ өндіру, мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы, шина кешені, ЖҚС желісі, электр энергетикасы, мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды әзірлеу және өндіру, сервистік құрылымдар блогы қарқынды дамып келе жатқан ресейлік тігінен интеграцияланған ірі мұнай компанияларының бірі.

«KamaTyresKZ» ЖШС - Қазақстанның Саран қаласында шина өндірісін ұйымдастыру мақсатында 2020 жылдың қазан айында «УК «Татнефть-Нефтехим» ЖШҚ және «Allur Tyres» ЖШС компанияларымен Қазақстанда құрылған бірлескен кәсіпорын.

«Аллюр компаниялар тобы» АҚ Қазақстанның ең ірі автоөндірушісі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС акционері, ҚР аумағындағы JAC, Ankai, Yutong, Chevrolet, Ravon брендтерінің ресми дистрибьюторы, өндірушісі және дилері, Hyundai, Niva Chevrolet, UAZ және man өндірушісі болып табылады.