Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусқа қарсы ревакцинация туралы жаңа қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы" Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы № 2 қаулысына өзгеріс енгізілді.
Жаңа қаулыға сәйкес, "КВИ-ға қарсы ревакцинация екпенің толық курсын алған адамдарға және бұрын коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе жасап, 6 ай аралықтан кейін бірінші ревакцинацияны алған адамдарға жүргізіледі".
Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетел азаматтарын қоса алғанда, барлық адамдар КВИ-ге қарсы ревакцинация алуы керек.
Коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары мына адамдар қайта вакцинацияланады:
1) медицина қызметкерлері;
2) медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы;
3) күш құрылымдарының қызметкерлері;
4) педагогтар;
5) пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйе мекемелерінің контингенті;
6) 50 жастан асқан адамдар.
Қаулы 25 мамырдан бастап күшіне енеді.