Отандық QazVac вакцинасын қазақстандықтарға егу 26 сәуірде басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді.
QazVac вакцинасының бірінші 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізіледі.
«Биылғы жылдың 26 сәуірінде халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарланып отыр. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады», делінген хабарламада.
«Қазақстандық вакцинаны әзірлеу біздің елге коронавирустық инфекцияға қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Бұл халық денсаулығына ғана қатысты мәселе емес. Бұл биофармацевтикада іс жүзінде заманауи технологияларды қолдану мен отандық ғылым әлеуетінің айғағы болып, мемлекет беделін айшықтап тұр», - деді комиссия төрағасы, үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Вице-премьер мемлекет басшысының қазақстандық вакцина өндірісі бойынша барлық тапсырмасы үкіметтің жіті бақылауында екенін атап өтті. Алғашқы партияның шығарылуы сол тапсырмалардың жүзеге асып жатқанының дәлелі болып отыр.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын жөнелтуге қатысты.
Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.