21 ақп, 2025 сағат 13:20

«Қазақстанда психологтардың көбі ғылыми негізге сүйеніп жұмыс істемейді» – клиникалық психолог

Фото: Pixabay

Қазақстанда ғылыми дәлелденген әдіс-тәсілге сүйеніп психотерапиялық қызмет көрсететін мамандар аз деп отыр Когнитивті мінез-құлық терапиясы Қауымдастығының президенті, клиникалық психолог Евгений Ян. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

«Әлемде медицина дәстүрлі және ғылыми дәлелденген деп бөлінеді. Яғни  ғылыми дәлелденген медицина – зерттеулерге, статистикалық мәліметтерге сүйенетін белгілі бір хаттамалармен бекітілген, ал дәстүрлі медицина дегеніміз – әдетте авторлық, әрқашан қауіпсіз бола бермейтін, әдетте дін немесе сиқырға негізделген, адамдардың ойлап тапқан емі. Психологиялық, психиатриялық көмекте, психотерапияда ғылыми дәлелденген медицинаға басымдық беріледі. Алпысыншы жылдардан бастап, психологияда да мамандар пациенттерге қауіпсіз және тиімді емді таңдауы үшін ғылыми дәлелдер талап етіле бастады. Американың психологтар ассоцациясында (АРА) психологтар қызмет көрсету кезінде ғылыми және кәсіби білімге сүйенеді. Зияны тимес үшін диагностиканы бағалау да ғылымға негізделеді. Егер маман пациентпен жұмыс жүргізгенде ғылымға сүйенбесе, оны лицензиясынан айырады», -дейді Евгений Ян.


Қауымдастық президенті Қазақстанда психологтар жұмыс істейтін әдістердің көбі ғылымға сүйенбейтінін айтып отыр. Оған тіпті арнайы зерттеу жүргізілген көрінеді. В.Д. Менделеевичтің зерттеуі бойынша Қазақстан және жақын шетелдерде психотерапияның 54 бағыты бар, олардың 96 пайзында ғылыми дәлелденген негіз жоқ.

Евгений Яннның сөзінше бізде ғылыми тұрғыда дәлелденбеген ілімдер - шаман, псевдопсихолог, таролог, нумеролог сияқтылар көп. Бұл психологиялық қызмет алушыларға тікелей қауіп төндіреді. Себебі психологиялық көмекке жүгінетіндер маманның дәлелденген теропия шеңберінде жұмыс істеп отырғанын анықтай алмайды. 

«Жақын шетелде де осы жағдай. Украинамен соғысып жатқан Ресей майданнан оралғандарға психологиялық көмек көрсететін маман іздесе, ғылыми дәлелденген әдіс-тәсілдер арқылы жұмыс істейтіндері саусақпен санарлық екені анықталған. Қалған психологтар энерготерапевтер, психолог-тарологтар, тағы басқалар болып шыққан. Бізде де сол жағдай. Егер сіз «психолог іздеймін» деп іздеу тетігіне жазсаңыз,  сущностная психология, психолог-эксорцист, жын шығаратын психолог және басқалар кездеседі», -дейді маман. 


Евгений Янның айтуынша өкінішке қарай бізде ғылыми атақ адамның ғылыми негізге сүйеніп жұмыс істегенін дәлелдемейді. 

«Ғылым кандидаты родолог болып, ұрпақ күшін анықтап жүр. Өкініштісі мемлекеттік мекемелерде ғылымға негізделген білім беретін факультеттер де бар, сондай-ақ ғылым докторы левитация бойынша конгресс ұйымдастырып жүргендер де кездеседі», -дей келе клиникалық психолог ғылыми дәлелденген әдістерді ғана қолдануға міндеттейтін заң қажет екенін айтты.


Айта кетейік 20 ақпанда Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Психология Қазақстандағы кәсіп және ғылым ретінде: проблемалары мен шешу жолдары» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.  Онда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев те өз ойын қосты. Мәжілісмен психологтардың мардымсыз жалақысы мәселесін көтерді. Ол бұл сұрақ бойынша бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған екен. Депутаттың сөзінше қазір педагог-психологтар әлеуметтік психолог ретінде 118 мың теңге жалақы алады екен. 

«118 мың теңгеге ешкім жұмысқа бармайды. Ал олар қандай қызмет атқарады дегенге келсек. Мектептен кейінгі уақытта үйлерді аралау, оқушыларды түгендеу, оларды дәрігерге апару, олардың тәртібін қарау, динамикалық тіркеудегі балалармен жұмыс істеу, ерекше білім алатын балалармен жұмыс істеу – бәрі осы әлеуметтік педагог-психологтың жұмысынің ішіне кіреді. Біздің елімізде білім беру саласында 113 мың Б3 категориясындағы маман бар. Оның ішінде осы педагог-психологтар бар. Солардың айлығын Б3-тен Б2-ге жеткізсек, яғни 113 мың теңгеден 150 мың теңгеге жеткізу үшін жылына 55 млрд. теңге керек. Бұл балаларымыздың болашағы үшін, балаларымыздың санасы, жүйкесін жөндеу жұмысына келген кезде көк тиын десек болады», -деп айтты ол.


Ал депутат Ринат Заитов теледидар мен интернеттен көрсетілетін контенттің басым бөлігі психикаға кері әсер етеді деп есептейді. Заитов ақпарат түзелмейінше ешқандай психология түзелмейді деп отыр.

«Ешкім баланың жанында 24 сағат отырмайды. Әнеукүнгі бала лифтіде неге олай істеді?  Ол ойыннан көрген. Ойында адам өлмейді. Ол соны істеп көрейін деді. Ал интернеттен санаға кіріп жатқан қоқыс шаш етектен», -дейді депутат.


Еске салайық, биыл 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім бала лифтіде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған. Оқиғаны тергеу кезінде жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған. Оқиғадан кейін жасөспірім бір айға психиатриялық стационарға жатқызылған. Ал жәбір көрген балалының денсаулығын дәрігерлер алғашында ауыр деп бағалап, отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені хабарланды.


Балжан Жеңісқызы