Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова пандемиямен күресте дағдарысқа қарсы қаражаттың тиімді игерілу аудиті қашан болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, жалпы отырыста ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатыр.
«Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан пандемиямен күресте дағдарысқа қарсы қаражаттың игерілуіне қатысты тоқталсақ, бұл тұрғыда құқық қорғау органдары құжаттарды тексеруге алған болатын. Процессуалдық іс-қимылдар аяқталғаннан кейін, біз тиімділік аудитін жүргіземіз», - деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз шамасында сақтап қалу мүмкін болғанымен, бастапқыда шығыстардың елеулі бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға негізделген. Жұмысқа орналастырудың орташа кезеңі 1-ден 3 айға дейін құраған.
«Дағдарысқа қарсы жүзеге асыруға қабылданған жобалардың тек 14 пайызы ұзақ мерзімді экономикалық автивтер мен нысандарды құруға бағытталды. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысынан басқаларында осындай жағдай орын алды. Қалғандары ағымдағы жөндеу жұмыстары, көгалдандыру және осы тектес іс-шараларды атқарған. Осы орайда одан болған әсер қысқа мерзімді екені түсінікті», - деді ол.
«Жаңа өндірістер құру, қолданыстағы қуаттарды кеңейту бойынша жобалар өңірлер тарапынан қаржыландыру үшін ұсынылмады. Алайда Үкімет тиісті шараларды қабылдап, қазіргі кезде мемлекеттік ресурстарды босқа жұмсауға жол бермейтін талаптар бекітілді», - деді Н. Годунова.