Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған «Платформалық жұмыспен қамту» жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың бір бөлігі заңнан тыс, яғни бірреттік қызмет көрсетеді және көп бөлігі тапсырыс берушілер тарапынан қорғалмаған. Осыған байланысты біз «Платформалық жұмыспен қамту» бағдарламалық өнімін жасадық. Ол қазір тестілеуден өтіп жатыр (...) тазалау, үйді күзету, азық-түлік жеткізу қызметтерін көрсететін тұрғындар осы қосымшада тіркеліп, тапсырыс қабылдай алады. Оған қоса, онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, орындаушының еңбек құқықтарын қорғау қарастырылған», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, бұл көлеңкеде қалған адамдардың бір бөлігін кәсіпкерлік ортаға шығаруға және неғұрлым жоғары деңгейіне одан әрі көтеруге мүмкіндік береді. Қосымша арқылы олар оңай тіркеліп, салық төлей алады.
Жалпы Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін екі миллионнан астам, оның ішінде 600 мыңнан астам тұрақты және 1,4 миллионнан астам уақытша жұмыс орындары құрылады. Барлық жаңа жұмыс орындары «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесінде көрініс табады.
Елімізде екі айдың қорытындысы бойынша 65 мыңға жуық жұмыс орны ашылған, оның ішінде 16 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары.