2020 жылы ауыл шаруашылығында айтарлықтай өсім байқалып отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша бұл саладағы жалпы өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға артты. Жалпы ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 4,7 пайызға артып, 454,2 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде азық-түлік өндірісіне салынған инвестиция көлемі 18,6 пайызға жоғарылады.
Мұнымен қоса, өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің эскпорты 17,3 пайызға артты, яғни 871 млн АҚШ долларынан 1 млрд долларға дейін.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 15 өңірде өсім байқалды. Оның ішінде Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.
Қараша айында өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров аталған үш өңірдің көрсеткіштерін атаған болатын.
Атап айтқанда, мұндай жетістікке негізінен өсімдік шаруашылығын арттыру арқылы қол жеткізілді. Оның жалпы үлесі 7,2 пайыз немесе 3,6 трлн теңге.
Өткен жылдағы күрделі ахуалға қарамастан Республика бойынша 20,8 млн тонна көлемінде астық жиналған және оның сапасы өткен жылға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп қанай қоймай, бір бөлігін экспортқа шығару сонымен бірге, Қазақстанның астық державасы болып қала беретінін тағы бір мәрте айғақтайды.
Былтыр күзде С. Омаров дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беретінін айтқан еді. Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл орылған астықтың сапасы жоғары деңгейде. Бидайдың жалпы көлемінде 1-3 санатқа 80 пайызы еніп отыр, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 53 пайыз болған еді.
2020 жылы 4 млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна бақша дақылдары мен 297,2 мың тонна мақта жиналды. 2,5 млн тонна майлы дақыл бастырылды.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығында жалпы өнім көлемінің өсімі 2,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде ет өндірісі 3,7 пайызға, сүт 3,2 пайызға артты.
Белгілі болғандай, былтырғы 11 айда азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6 пайызға немесе 1,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ірі қара мал басы 8,6 пайызға, жылқы 11,7 пайызға, қой мен ешкі саны 7 пайызға өсті артты.
Өңделген күріш көлемі 23,5 пайызға, сары май 21,5 пайызға, шұжық өнімдері 11,8 пайызға, макарон 8,1 пайызға, қышқыл сүт өнімдері 4,4 пайызға, ірімшік пен сүзбе 3,3 пайызға өсті. Сонымен қатар ұн (2,8 пайызға) мен жарма (2,1 пайызға) өнімдерін дайындау ісі алға басқан.
Еске салсақ, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молайтуға қатысты Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды.
Биыл қазан айында өткен Үкімет отырысында ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізілетіні айтылды.
Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100 пайызға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан астам. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО-ның сыныптамасы бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту шараларын іске асыру қажет. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Осы бағытта ҚР АШМ Ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды.
Өнімдердің аталған 6 түрі, атап айтқанда алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант пен құс еті бойынша өндірісті ұлғайту үшін келесі 3 үш жылдың ішінде жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте, ішкі нарықты осы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.
Сондықтан азық-түлік тауарының негізгі түрлері бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз немесе одан артық деңгейде, ал кейбір тауарлар 100 пайыздан артық қамтамасыз етілген.
Өткен жылмен салыстырғанда мына өнімдер бойынша қамтамасыз етілу деңгейі артты:
- күнбағыс майымен – 19,5 пайызға (92%-дан 112,4%-ға дейін),
- макарон өнімімен – 8,2 пайызға (108,9 %-дан 117,1%-ға дейін),
- ірі қара мал етімен – 0,9 пайызға (95,7 %-дан 96,8%-ға дейін),
- күрішпен – 0,3 пайызға (98,3 %-дан 98,6%-ға дейін).
- ұнмен – 4,9 пайызға (188,5 %-дан 193,4%-ға дейін).