Елімізде осы жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4% өсіп, 153,2 мың теңгені құраған.
Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бірінші тоқсанда ел экономикасында оң үрдістер сақталғанын мәлімдеді. Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1% құрады, 2017 жылдың осындай кезеңінде 3,6% болған.
«Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ЖІӨ ұлғаюына инвестициялардың жоғары өсуі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде», — деді Тимур Сүлейменов.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіптегі өсім 5,3% құрады (2017 жылғы I тоқсанда — 5,8%). Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі озық қарқын көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 5,1% өскен. Бұл салада табиғи газ өндірісі 6,2%, мұнай — 6,1% және темір кені — 3,7% құрады.
Өңдеу өнеркәсібі 6,2% өсімді көрсетті. Қағаз өнімдерін өндіруде (14,9%), химия өнеркәсібінде (14,3%), фармацевтикада (10,2%) екі мәндік өсім байқалып отыр. Басқа да өңдеу өнеркәсіптері жылдам өсуде. Машина жасау — 9%, жиһаз өндірісі — 8,5%, сусын өндірісі — 8,1% және азық-түлік өнімдерінің өндірісі — 6,5%, сондай-ақ металлургия — 5,6% құрайды.
Ауыл шаруашылығында динамика жақсарды. Өсім 3,6% құрады. Өсу мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8% кеңеюімен негізделеді.
І тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі екі айлық төмендеуден кейін өсу траекториясына шықты. Құрылыстағы өсу 5,9% құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 39,5% ұлғайды. Инвестициялық салымдар көлік саласына (58,5%-ке), құрылысқа (57,2%-ке), өнеркәсіпке (51,6%-ке) және саудаға (47,3%-ке) артты.
«Еңбек нарығындағы жағдай орнықты болып қалуда. Наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,9% сақталды. Еңбекақының өсуі байқалып отыр. Қаңтар–наурызда орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4% өсіп, 153,2 мың теңгеге дейін жетті», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.
2018 жылдың бірінші тоқсанындағы инфляцияның жай-күйі туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Жыл басынан бері инфляция 1,8%-ті құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың осындай кезеңіндегі деңгейге қарағанда 0,5 п.п төмен. Жылдық есеп бойынша инфляция 6,6% құрады.
Өз кезегінде, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңде 107,8%-ке, соның ішінде республикалық — 101,9%-ке, жергілікті бюджеттер — 124,6%-ке асыра орындалғанын айтты. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,7% құрады, республикалық — 96 % және жергілікті бюджеттер —97,7% атқарылды.
Сонымен қатар қаржы министрі өткен есепті кезеңнің басты ерекшелігі — жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жұмысы басталғанын атап өтті. I тоқсанда олардың шоттарына 28 млрд теңге түсімдер жиналып, 22 млрд теңге шығыстарға жұмсалды. Қазынашылық органдары 4-деңгейлі бюджеттің 1078 мемлекеттік мекемесіне қызмет көрсетуде.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша 235,2 млрд теңгеге 182 келісімшарт жасалды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына бағытталған қаражат 99,9%-ке игеріліп, 37,3 млрд теңгені құрады.
Б. Сұлтанов алда тұрған міндеттердің негізгілерін атап өтті. Біріншіден, республикалық бюджет кірістерінің көлемі 189 млрд теңгеге көбейді. Сол себепті, кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керек.
Екіншіден, импорттау кезінде уақытты қысқартуға мүмкіндік беретін «Астана-1» ақпараттық жүйесінде қалған 15 кедендік рәсімді іске қосу көзделген. Бұл бюджетке қосымша 12 млрд теңгеге жуық кіріс түсіруге жол ашады.
«Үшіншіден, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын және Елбасы жолдауларының міндеттерін іске асыру үшін нақтыланған бюджет жобасында қарастырылған шаралардың уақытында орындалуын қадағалаймыз», — деп қорытындылады Б. Сұлтанов.
Өз бағыттары бойынша инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, энергетиканың бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев статистикалық мәліметтерге сәйкес, ЖІӨ өсімі 4,1%-ті құрағанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкіметке экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша аса жоғары нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Осыған орай, экономика салаларында өсімді одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін шешу бойынша жүйелі шараларды іске асыруды жалғастыру тапсырылды.
Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Маминге жүктеледі.