13 жел, 2021 сағат 16:32

Қазақстанда никотин өнімдеріне қойылатын техникалық регламенттің жобасы әзірленді


Елімізде бір реттік электрондық сигаретті (вейп) әкелу мен сатуға тыйым салу мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл бағытта мемлекеттік органдардың ұстанымы қандай? Аталған депутаттық сауалға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде құрамында никотин бар өнім кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 526 шешімімен бекітіліп, кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілген. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде құрамында никотин бар өнімге қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін ұлттық техникалық регламентінің жобасын әзірледі. Аталған жоба қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданатын болады», - деп жауап берді Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға. 

Оның айтуынша, елімізде талапқа сәйкес келмейтін бір реттік электрондық сигареттерді әкелуге жол бермеу жөнінде шара қабылданатын болады. 

«Сондай-ақ, бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақпен «Құрамында никотин бар өнімге арналған техникалық регламент» техникалық регламентінің жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Осыған байланысты құрамында никотин бар өнімге арналған техникалық регламентті қабылданғаннан кейін Қаржы министрлігі талаптарға сәйкес келмейтін бір реттік электрондық сигареттерді әкелуге жол бермеу жөнінде шара қабылдайтын болады», - дейді ол. 

Үкімет басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, жасөспірімдер мен жастар арасында вейптерді тұтынудың таралуы мәселесі мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше рет талқыланды. 

«Қазіргі таңда министрлік вейптердің Қазақстандағы айналымына тыйым салу бойынша нормаларды «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізу жұмысын жүргізуде», - деді Тоғжанов.