22 қар, 2024 сағат 15:44

Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраларды қорғау туралы заң қажет пе?


Фото:adyrna.kz
«Материалдық емес мәдени мұраны қорғауды заңнамалық қамтамасыз ету туралы» заң  жобасы қазір Парламенттің төменгі палатасында әзірленіп жатыр. 21 қарашада осыған байланысты тақырыптық отырыс өтті, -деп хабарлайды ult.kz.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен дөңгелек үстел отырысында көптеген мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Атап айтатын болсақ, елімізде материалдық мәдениетке жатпайтын рухани мұралар мен құндылықтарды зерттейтін мекеме құру ұсынылды. Бұл туралы  Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

«Өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуда, ұрпақтар байланысында, жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың бірден бір жолы – материалдық емес мәдени мұрамызды қорғау. Сондықтан рухани мұраларымызды сақтап, ілгерілету бағытындағы ұсыныстарыңызды күтеміз. Бұл бір ғана жиын өткізіп, кете беретін мәселе емес. Сол сияқты сіздерді заң жобасымен айналысып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Арнайы институт керек деп жатыр, менің ойымша ғылыми-зерттеу орталық міндетті түрде керек. Заңды тұлға, ұйым айналыспаса, нәтиже болады деп айту қиын», - деді Асхат Аймағамбетов дөңгелек үстел отырысында.


Жиынға қатысушылардың барлығы еліміздегі материалдық емес мәдени мұраларды сақтау мен қорғауды заң жүзінде бекітудің маңызды екенін айтып өтті. 

«Бүгін біз өте маңызды мәселені талқылап отырмыз. Расында да Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау туралы заң керек. Оны Мәдениет туралы заңның бір тараушасы ретінде қарау ақылға қонымсыз нәрсе», - дейді Аманжол Дүйсенбайұлы.

Одан бөлек еліміздің аумағында материалдық емес мәдени мұраларды, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді түрлі әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асыруды қолға алу ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжол Дүйсенбайұлы өз баяндамасында айтты. 

“Маркетинг пен брендинг бойынша. Домбыра, күй өнері, құсбегілік, айтыс, киіз үй сияқты элементтерді әлеуметтік желі арқылы қарқынды форматта насихаттау керек деп ойлаймын. Қазір жастарымыз әлеуметтік желі арқылы бойына нені сіңіреді? Атыс пен шабысты, түрлі адамның санасын улайтын, лас ақпараттармен уланып жатқан кезде біз керісінше иммунтетіміз қалыптасу үшін, ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды әлеуметтік желі арқылы қарқынды форматта насихаттай білсек бұлда өзінің оң нәтижесін береді деп ойлаймын”,- деді Мәжіліс депутаты Аманжол Дүйсенбайұлы.


Бекболат МҰХТАРОВ