ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спорты қалай дамып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаудан абыройлы болған еді. Елімізді күллі әлемге танытқан Денис Тен арамызда жоқ, Элизабет Тұрсынбаева да кәсіби мансабын аяқтады. Жалпы мәнерлеп сырғанау спортын насихаттау және дамыту ісінен мемлекет шет қалған сыңайлы. Бұған не себеп? Мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға не кедергі?», - деп сұрақ қойды журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
«Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен Сочидегі Олимпиададан жүлде әкелгеннен кейін, бізде бұл спорт қарқынды даму үстінде. Қазір де тоқтап қалды деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, Денистің жолын Элизабет Тұрсынбаева, Айза Мамбекова секілді спортшыларымыз жалғастырып келеді. Қазір Элизабет те өз мансабын тоқтатты, бірақ артында ізбасарлары бар. Оларды дайындауға мүмкіндік бар деп есептеуге болады. Қысқы Спартакиада ойындарында көптеген өңірлерден спортшыларымыз қатысып, нәтиже көрсеткен болатын. Тек Алматы мен Нұр-Сұлтаннан емес, Қызылорда мен Маңғыстаудан да жас спортшылар көрінген еді. Енді Олимпиада өте үлкен деңгей болғандықтан, спортшыларымыз біраз уақыттан кейін дайын болады деген сенімдемін. Үкімет өз тарапынан сол спорт түріне бар күшін салып жатыр, жаңа нысандар іске қосылды, қысқы мұз айдындары ашылып жатыр. Оңтүстік аймақтарда да бұл жұмыс жалғасуда», - деді Жарасбаев.
Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Бейжің қаласында, 2022 жылдың 4 мен 20 ақпан аралығында өтеді. Онда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Жарыстар Бейжің қаласынан бөлек қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді.