ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов еліміздегі қылмыс ахуалы туралы, сондай-ақ қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңының негізгі новеллалары туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған заңға ҚР Президенті 2019 жылдың 28 желтоқсанында қол қойды.
«Жаңа Заң бойынша Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабы енгізіледі, онда мал ұрлығы үшін жазаның ең ұзақ мерзімі - 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Яғни, мал ұрлығы ауыр қылмыстар қатарына ауыстырылады, онда қайталанған қылмыстар үшін татуласу болмайды. Қылмыстық топ құрамында және аса ірі көлемде жасалған қылмыс үшін жаза күшейтіліп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді», - деді Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас прокурор орынбасары мал ұрлығы мәселесіне Президенттің ерекше назар аударғанын жеткізді.
«Көптеген пункт бойынша мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызуға болады. Жағдайды саралай келе, мал ұрлығының жеке кәсіпке айналғанын, оған көптеген адамдардың қатысатынын көрдік», - деді М. Ахметжанов.