Қазақстанда мақта өңдеу ұйымдарының қызметіне әкімшілік кедергілер алынып тасталатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа құжат артық әкімшілік кедергілерді жоюға және мақта саласының инвестициялық ахуалын сауықтыруға бағытталған.
Мақта саласын дамыту мәселелері және оның тоқырау себептері тауар өндірушілер өкілдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті билік органдарының, Парламент депутаттарының қатысуымен әртүрлі алаңдарда бірнеше рет талқыланған болатын. Нәтижесінде тараптар саладағы іскерлік белсенділікті тежейтін қолданыстағы әкімшілік кедергілер мен шектеулерді алып тастау қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Мақта қолхаттары жүйесінің реттелуі негізгі құралдардың кепіліне шектеулер енгізу салдарынан қаржы институттары мен мақта өңдеу ұйымдары арасында тарихи қалыптасқан қатынастардың жойылуына және тиісінше саланың құлдырауына алып келді.
Қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін жаңа заңда мақта қолхаттарының тиімсіз жүйесін қайта реттей отырып мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялауды және оны қамтамасыз етуге бағытталған шараларды алып тастау ұсынылады.
Нақты айтатын болсақ, жеті заңнамалық актіден: мақта өңдеу ұйымдарының әкімшілік жауапкершілігін, оларды таратудың ерекше тәртібін, тиісті іс жүргізу нормаларын және т.б. нормаларды алып тастау ұсынылады.
Қабылданған заң мақта саласына қаржы институттарын тартуға және ауылда жұмыспен қамтуды ұлғайтып, саланың негізгі көрсеткіштерін көтере отырып оң әлеуметтік-экономикалық әсер етеді.
Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың қараша айында еліміздің мақта өсірушілерімен кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мақта саласының жүйелі мәселелерін шешу бойынша кешенді жұмыс бастаған болатын. Диқандарға алғашқы қолдау ретінде министр өсімдік шаруашылығындағы субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы шұғыл бұйрығын жариялаған еді.