Қазақстанда қызылшаға шалдыққан ересектердің 55 пайыздан астамын 20-29 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылдың бес айында 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,8 есе төмендеуіне қол жеткізілді. Бұл мақсатта 9-10 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілді. 260 мыңнан астам бала егілді. Бұл, осы жас тобындағы сырқаттанушылықты 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, ауырған ересектер арасында 55 пайыздан астамы 20-29 жас аралығындағы топ екенін ескере отырып, осы жас тобына қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізілді, 1 759 459 адам егілді», - деді ЛәззатАқтаева.
Оның атап өтуінше, елімізде менингитке шалдығу азайды.
«Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанушылықтың орташа көп жылдық деңгейінің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1-ді құрайды. Бұл ретте, қазіргі уақытта Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15-ті құрап отыр. Бұл шекті деңгейден 14 есе төмен. Жылдың өткен кезеңінде сырқаттанушылық өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сол деңгейде сақталып отыр. Сонымен бірге Шымкент қаласында ауру санының 2-ден 6 жағдайға дейін ұлғайғаны байқалады», - деді ол.