21 қыр, 2021 сағат 15:06

Қазақстанда қыста ет бағасы күрт қымбаттауы мүмкін бе?


Қыста Қазақстанда ет бағасы күрт өсе ме? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, баға елеулі түрде шарықтамайды. Алайда еттің құны өсуі мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазған болатынмын, яғни Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мал шығыны болғанда. Осы орайда малдың қырылуына қатысты тоқталсам, жағдай дүрбелең жасауға тырысқан кейбір адамдар айтқандай үрейлі емес. Жеңіл авторитетті қуғандар Қазақстанда үш млн бас мал қырылатынын жазған еді», - деді Т. Рақымбеков. 

Оның айтуынша, 2017 жылы мал азығын даярлау картасы әзірленген кезде жыл сайын мал азығы дақылдарының тапшылығы үнемі Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысындағы Семей өңірінде байқалып отырғаны көрсетілген. 

«Бұл жайында осыған дейін белгілі болды. Осы өңірлерде тұрғындар мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, жем-шөпті қосымша өндіруге мән беруі керек еді», - деді министрдің кеңесшісі. 

«Маңғыстау облысында 28 мың ірі қара мал басы бар, еліміз бойынша 7 млн. Бұл қалай әсер етеді? Әрине, проблема бар. Биыл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы үшін күрделі болды. Қуаңшылық болатынын айтқан едім, осы орайда малдың өлім-жітімі мүмкін болды. Бірақ ол жұтқа әкелмейді. Адамдар осы ахуалға әрекет етіп, малды сойып, етке өткізуі ықтимал. Нарық заңдылығы бойынша бастапқыда еттің бағасы төмендейді де, кейін баға өсуі мүмкін еді. Мен бұл жайында жазған едім, еселеп қымбаттамайды. Сондықтан күрт қымбаттайды деп ойламаймын», - деді Төлеутай Рақымбеков.